"Северный" аулы

«Северный» учаскесінің негізі жуық шамамен 1931 (1932) жылы қаланған деседі. Қарағанды облысы Шахан кентінің бөлімшесі болып саналады. «Шахан» – Шахтинск қаласына қарасты қалалық типтегі кент. Ол Қарағанды көмір бассейнінің батыс бөлігін ашқан соң, 1950 жылы пайда болған. Алайда «Северный» учаскесі Шаханнан бұрын пайда болған деген деректер бар. Оның тарихы Карлагпен байланысты.

1931 жылы қазақ даласында көлемі 17 мың гектар жерді алатын "Гигант" совхозы құрылды. Осындай атаумен 1931 жылдан 1959 жылға дейінгі аралықта 6 миллион саяси тұтқынның, жер аударылғандар мен әскери тұтқындардың тағдырын тәлкекке салған мекеме пайда болды. Бұл "НКВД Карлагы" деп аталатын. Карлаг жүйесіне айрықша мақсаттағы көптеген лагерьлер мен аймақтар енген. Қарағандыдан 50 шақырым жердегі Долинка кентінде Карлагтың әкімшілік орталығы орналасты. Карлаг шаруашылығының негізгі бөлігі Қарағанды мен Ақмола облыстарының аумағында жатты. Егер 1931 жылы Карлаг аумағы 53 000 гектар болса, 1941 жылы 1 780 650 гектарды құрайды. 1931 жылы Карлагта 14 бөлімше, 64 учаске болса, 1941 жылы 22 бөлімше, 159 учаске, ал 1953 жылы 26 бөлімше, 192 лагерь нүктелері болды. Әрбір бөлімше бірқатар бөлімшелерге бөлініп, учаске, нүкте, ферма деп аталынды. Фермалар мал өсірумен, ал учаскелер егістік және бақшамен айналысқан екен. Сондай учаскелердің бірі – «Северный» болған деседі. Осы саяси тұтқындар «Северный» учаскесіндегі алғашқы жер үйлерді тұрғызып, егістік шаруашылығымен айналысқан екен. Өйткені оны суаруға қолайлы Шерубай-нұра өзені осы жерді басып өтеді екен. Алғашқы пайда болған ғимарат – офицерлер үйі 1932 жылы салынған екен. Бұл үйдің план-кестесі осы күнге дейін сақталынған.

Ауыл тұрғындарынан алынған мәліметтерге сүйенетін болсақ, сол жылдары осы жерде геологиялық барлау партиясының орталығы болған екен. Мақсаты – көмірдің жаңа орнын табу. Бұл жерде көмірдің «кокс» түрі бар екені анықталады. Көмірдің бұл түрі металлургиялық зауыттарда пайдаланылады. Алғашында тек 2 жер үй болған екен. Оның ішіндегі бөлмелерде бірнеше отбасы бірге тұрған. Сол уақыттан бастап, жан-жақтан шахтада жұмыс істеуге ниет білдірген адамдардың барлығы осы ауылға көше бастайды. Алғашқы уақытта әкімшілік орталығы ретінде Саран қаласы белгіленген екен, кейіннен Шахан кенті ашылған соң, соған қарасты болған.

Ауылға жақын жердегі барлық қазақтарды жинап, қазақ ауылын ашуды мақсат тұтқан ел азаматы – геологиялық барлау партиясының бастығы Ержұманов Уатай болған екен. Ауылдың алғашқы тұрғындарының бірі, қазіргі уақытта қатарымызда жүрген ауыл ақсақалдарының өкілі Серікбаев Мерден атай «Северныйдың» қалыптасуына Уатай ағайдың сіңірген еңбегі теңдесіз деп есептейді. Сол пікірді Жұмағали Сатымұлы Көшкімбаев былай жалғастырады:

«Ержұманов Уатай – «сегіз қырлы, бір сырлы», жан-жақты білімді, ұлтжанды, еңбекқор азамат болатын. Өзі Мәскеуде геологиялық факультетті «үздік» белгімен тәмамдаған екен. Оқуды аяқтаған соң Қарағанды өңіріне келіп, туған жерінде кен орындарын табуды мақсат тұтқан. Соған жету үшін қажырлы еңбек еткен. Ол сол кездері: «Осы өңір келешекте бай өңір болады, барлық адамдарды жұмыспен қамтамасыз ететін кен орындары ашылады, есімі бүкіл жаһанға тарайды»,- деп бәріне айтатын. Шынында да сол болжаған ойлары орындалды».

Осы маңда бірінен соң бірі шахталар ашыла бастады. Тіпті бұрынғы ССРО-да Қарағанды облысы көмір қоры бойынша Кузбасс пен Донбасстан кейін 3-ші орында тұрған.

Көмірдің көзі табылған соң, ауылдың маңында 4 шахта ашылады:

1. «Шахан» шахтасы-1963ж.ашылған, ауылдан 3шақырым.

2. «Степной» шахтасы -1964ж.ашылған, ауылдан 1 шақырым.

3. «Молодежный» шахтасы- 1962ж. пайдалануға берілген, ауылдан 3 шақырым.

4. «Тентек» (кейіннен В. Ленин атындағы шахта) шахтасы -1964ж. ашылған, ауылдан 3 шақырым қашықтықта орналасқан.

Осы шахталарда көп жылдар қатарына қызмет етіп, зейнеткерлікке шыққан шахтерлар бұдан әрі мал шаруашылығымен айналысу үшін «Северный» учаскесіне қоныс аударады. Бұл ауылдың маңынан Шерубай-нұра өзені ағып өтетіндіктен, мал ұстау, бау-бақша өсіруге қолайлы болған.

Алғашқы көпір карлагта отырғандардың күшімен салынған екен. Ол ағаштан жасалған болғандықтан, тек жаяулар жүретін. Сол көпірден банкаға нан салып балық аулау - ауыл балаларының сүйікті кәсібі болған. Өзенде алуан түрлі балықтар мекендеген: мөңке (пескарь), алабұға, алабұғаның бір түрі таутан, шортан, қара балық.

Өңірдегі 4 шахта белсенді жұмыс істей бастаған соң және Шахтинск қаласында 1974 жылы ашылған Синтетикалық жуу құралдары зауытының қалдықтары абайсызда өзенге құйылып кетуі салдарынан 1978-1979 жылдары балықтар жоғалып кеткен, ал өзен суы ішуге жарамсыз болып қалған деседі.

Ауылда 4 көше болған: Абай, Н. Әбдіров, Ю.Гагарин және Чапаев көшелері. Ерте кезден ауыл екі бөлікке бөлінген. Жер үйлер болған жағын «Мыңшұңқыр», екінші бөлігін «Севкрай» деп атап кеткен. Ауылда монша, медициналық пункт, дүкен, клуб, құдық болған.

«Северныйдағы» алғашқы мұғалімдердің бірі, 47 жыл бір мектепте қызмет еткен - Любовь Бұғыбайқызы (Борисовна) Шукенова (Аушайманова) естелігінен:

«Менің жастық шағым «Северный» аулында өтті. 1957 жылы мектепті аяқтап, Сарандағы педагогикалық класқа түстім. Кейіннен сырттай педагогикалық институттың филиология факультетін аяқтадым. Көп жыл орыс кластарына қазақ тілінен сабақ бердім.

Педагогикалық класты аяқтаған соң сол жылы «Северный» аулындағы мектепке жолдама алдым. Мектеп Рымбек ағайдың үйінің жанында орналасты. Ол шағын жинақталған мектеп (малокомплектная школа) деп аталынды, өйткені балалар саны аз болғандықтан, 1-ші мен 3-ші және 2-ші мен 4-ші кластар біріктіріліп оқытылды. Осы мектепте, мен келген уақытта, Манаева Вера Михайловна жұмыс істеп жүрді. Осы ғимаратта 2 жыл істеген соң, 1959 жылы мектеп «Степная» шахтасының жанында орналасқан ғимаратқа ауыстырылды. Ол ауылдан 2 шақырым жерде болатын.

Ауыл мен Шахан арасында қатынайтын мектеп автобусын ауылдың қарттары Қожахметов Саттан мен Оспанов Мәден облыстық атқару комитетіне барып сұраған екен. Сол уақыттан бастап осы автобуспен үлкен де, кіші де Шаханға қатынап тұрған.

Қарағанды өңірінде шахталар ашыла бастаған соң, бұрынғы Кеңестер одағының түкпір-түкпірінен жұмыс істеуге ниет білдірген азаматтар осында жиналады. Солардың бірі Манаева Вера Михайловна мен оның жұбайы болды. Вера Михайловна Ресейдің Оренбург облысынан қоныс аударған екен. Оның жолдасы шахтада жұмыс істейді. 2 ұлы шахтада жұмыс істеп, кейіннен қайтыс болды, ал қызы қазіргі уақытта Теміртау қаласында тұрады. Вера Михайловнаның апасы Мария Филипповна да кешкі мектепте мұғалім болып жұмыс істеген болатын.

Ал негізі «Северный» аулындағы мектептің алғашқы мұғалімі Татьяна Ионовна болған екен.

Бұл мектеп Саран қалалық білім басқармасына қарасты болады.

Менің алғашқы оқушыларым – Ибкеев С., Логинова Н., Гончаров В.П. болды. Қазіргі уақытқа дейін оқушыларыммен кездесіп, ақыл-кеңес беріп тұрамын. Мектепте үлгілі әрі талапты оқушылардың бірі болған – Ибкеев Сапар Көшербайұлы осы күнге дейін мектепке, мешітке демеушілік көмек көрсетіп тұрады. Сапардың осы әрекеті - сол кездері оқушылардың бойына сіңірген ізгілік пен мейірімділік, қайырымдылық пен адамгершілік қасиеттері бүгінгі таңға дейін олардың бойында сақталғанының кепілі іспеттес. Сонымен қатар, менің оқушыларымның арасында мұғалім мамандығын таңдағандары да аз емес. Солардың бірі қызым Аушайманова Алтынай Нұрғалиқызы – орыс тілі пәнінің мұғалімі».

Ауыл негізінен қалыптасып болған соң, молла іздей бастайды. Ауыл ақсақалдары жиналып, сол кездері Қарағанды мешітінде азаншы болып жүрген Нұрпейісов Балмұхамед (Сәлкен) молламен сөйлесу туралы шешімге келеді. Сәлкен молла келісіп, 1961 жылы осы ауылға қоныс аударады. Сәлкен молла бірнеше жыл қатарына өз міндетін мүлтіксіз атқарып, дүниеден өтер алдында (1977ж. қайтыс болған) өзінің орнына молла ретінде Оспанов Мәден атайды белгілеп кетеді.

Ауылда қазақтың ертеден келе жатқан салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптары толық сақталған. «Құрбан айт», «Ораза айт» мерекелерінде жас та, кәрі де бір адамдай айттаған. Қыста «соғым» басталған кезде ауыл адамдарының көптігі соншама, тіпті екі кезекпен: ер адамдар сағат 12.00-ге, әйел адамдар – 15.00-ге, бөліп шақырған. Бір үйде сонда 6-8 табаққа дейін кісі қонақта болған. Бұл тұрғындардың қонақжайлылығының белгісі іспеттес.

Сәби дүниеге келген соң 3 күннен кейін «Азан шақырып ат қою», «Бесікке бөлеу», «Тұсау кесу», «Сүндетке отырғызу» әр отбасында міндетті түрде орын алған той болған екен.

Шертішева Қазина Мұхамеджанқызы әңгімелейді: «Біздің «Северный» аулында барлық салт-дәстүрлер сақталатын. Соның бірі – қыздың жасауы. Қызын қонағындай құрмет тұтқан қазақ халқы жат жұрттыққа жаралған қыз баланың барған жерінде абыройлы болғанын қалайды. Қыз жасауын әзірлеуде де ескерілетіні осы болса керек-ті. Жасау — жас отауға ең қажетті деген негізгі бұйымдардан құралуы тиіс. Оған үй жабдықтары: көрпе. төсек, ыдыс-аяқ, жерге төсейтін текемет немесе кілем, ілетін кілемдері, сандықтар кіреді. Қыз ұзатылғанда жасауымен бірге шығарып салынатын болған. Менің есімде қалғаны: жүннен текемет басу.

Жалпы алғанда киіз басу барлық жерде бір тәсілмен орындалады. Киіз басуға арналған ши бетіне бірыңғай түсті жүн қалың етіп тартылып, басқа түске боялған жүннен ою түседі. Сонан соң бетіне ыстық су себіліп, шиге еппен оралады да, әрі-бері домалатып теуіп, нығыздалады. Бұдан әрі киіз әбден «піскенше» бірнеше тәсіл қолданылып, толық біткен кезде текеметті жарқыратып күнге жайып қояды. Текеметті бір күн ішінде басып бітеді. Текемет басу барысында ауыл әйелдерінің басы қосылып, әңгіме-дүкен құрады, сөз алмасып, қазан көтереді, көңіл шалқып, соңы той-думанға айналатын. Біз кішкентай балалар осыны қызық көріп, аналарымыздың жанын айналшақтап шықпайтынбыз».

Ауыл балаларының сүйікті ойындары: «Хан талапай», «Алшы» сияқты асық ойындары, «Садақ пен жебе» және т.с.с.

Кешқұрым ауыл жастары орталықта жиналатын болған, онда бір тобы волейбол ойнап, екінші тобы алау жағып, әңгіме-дүкен құрған.

Ауыл тұрғындары малға бай болған. Әр отбасында кем дегенде 20 шақты қой, 5-6 бас жылқы, 3-4 бас қара мал. Малдарды бағуда ауыл бойынша кезек сақталған. Тіпті жылқыны да кезекпен баққан. Ал ауыл орыстарының негізгі кәсібі – бау-бақша өсіру болған деседі.

«Северный» аулының тұрғындары күрделі мәселелерді шешуде ауызбіршілік сақтап, жанға, малға қатысты қандай мәселе болмасын, Оспанов Мәден атайдың үйінде ауыл ақсақалдары – Тұрсынов Қарабек, Әшірбеков Қалапберген, Қожахметов Сатан және т.б. жиналып ортақ шешім қабылдайды екен.

Соған дәлел ретінде Көшкінбаев Жұмағали Сатымұлының аузынан жазып алынған бір оқиғаны келтіргім келеді:

«Біздің ауылдың халқы тату, ата-бабамыздан қалған мұра – малға ерекше бай ауыл болатын. 7 үйір, яғни 500-дей жылқы болған. 1953 жылдың жазы болатын. Менің әскерден келген кезім. Әскерден сержант шенімен оралдым. Жаспын, күш-қуатым тасып тұрған кезім. Бала кезімнен жылқы малын ерекше жақсы көретінмін.

Жылқы соңғы кезде егінге түсуді әдетке айналдырған екен. Сол кездері есімі бүкіл Қазақстанға әйгілі, Шахтинск қаласындағы В.И. Ленин атындағы шахтаның директоры Н.А. Дрижд деген азамат іскерлік танытып, егін егумен, мал шаруашылығын дамытумен айналыса бастаған алғашқы жеке кәсіпкерлердің бірі болатын. Күндердің бір күнінде біздің ауыл жылқылары оның егініне түседі, бұл бір емес бірнеше рет қайталанады. Ызасы келген Дрижд күзетшіге бұйрық беріп, барлық жылқыны шахта қоршауына қаматады, үлкен құлып салып, хабаршы жібереді: «Менің егінімді таптағаны үшін айыппұл әкеліп берген уақытта ғана жылқыларыңды шығаруға бұйрық беремін» деген екен -мыс.

Ауыл ақсақалдары әдеттегідей Мәден атайдың үйіне жиналып, бар ақшаларын жинап, бірнеше ақсақал, бірнеше ер азаматтар бару қажеттігі туралы шешім қабылдайды. Автобазада Мекен ағатай автобуста істеуші еді. Ол 16.00. кезінде ертерек жұмыстан оралып, делегацияны апармақшы болады. Келіссөз жүргізетін ақсақалдар, жігіттер, әжейлер бар, бәрі отырып, автобустың іші лық толады. Енді қозғалайын деп жатқанда, бір ақ сары атай жүгіріп келеді. Өзі денелілеу, жеткенше әжептәуір ынтығып қалыпты. Ол біздің құдамыз, қазір марқұм Шертішев Ахмет атай екен. Автобус жүргізушісі Мәкен: «Атай, сіз бармай-ақ қойсаңыз қайтеді. Адамдар жиналды, өзіміз бәрін шешіп қайтуға тырысамыз»,- дейді. «Мен қарныммен бір орысты болсын құлатып тастаймын ғой. Менің барғаным дұрыс болар,» -деп Ахмет ақсақал бой бермейді. Тәуекел деп ол кісіні де отырғызып алып, Ленин атындағы шахтаға қарай бет алдық.

Біз жиналып жеткенше қас қарайды. Күзетші: «Үйлеріңізге тараңыздар. Таңертең Дрижбен кездесіп, мәселелеріңізді шешесіздер»,- деп кесіп айтты. Қамауда үш күн аш тұрған жылқыларымыздың даусын естігенде, жүрегіміз шымырлап, қайтсек те малсыз үйге оралмауға бел будық. Арамыздағы Ибкеев Сапар Көшербайұлы аяқ астынан шешім тауып, үлкендерімізге: «Сіздер күзетшіге жалынып-жалбарынып, назарын басқа нәрсеге аудара тұрыңыздар, біз арғы жағына барып, жылқыны шығарып көрейік»,-дейді.

Ақсақалдар мен әжейлерді күзетшінің жанына қалдырып, жастар қоршаудың артына қарай аяңдадық. Арғы жағындағы қақпаға үлкен амбар құлпын іліп қойыпты. Шахтаны айналып жүріп ұзындау келген лом темір тауып алдық. Оны құлыпқа ілестіріп, үстіне 10 шақты жігіт мініп, сындырдық. Есік сықыр етіп ашылған уақытта, үш күн аш тұрған жылқылар есікке лап берді. Жылқылардың шабысынан жан-жақта шаң-тозаң көтерілді. Айналада түк көрінбей кетті. Үлкен кісілер бәрі шошып, автобусқа қарай жүгіреді. Жылқылар егінге қарай бет алады. Мен сол жылқылардың соңынан жүгіріп бара жатырмын. Бір уақытта шаң басылған сияқты болды. Жан-жағыма қарасам, ешкім жоқ. Енді қайттім? Тез шешім қабылдау керек. «Егер жылқыларды еркіне жіберсем, тағы егінге шабады. Оны көрген Дриждің адамдары қайтарып алып, қамап қоюуы мүмкін ғой. Не де болса, ауылға қарай қайырып көрейін», -деп, тәуекелге бел байладым. Көйлегімді шешіп алып, жылқыларды үркіте отырып айдап, Қояндыдан Жамбасбұлақ арқылы төте жолмен ауылға қарай бет алдым. Бойымды жауапкершілік пен үрей сезімі билеп, шаршағанымды да сезбей, ауылға жетіп, аранға апарып бәрін қамап болған соң ғана жан-жағыма қарай бастадым.

Орталықта автобус келіп, барлық адамдар енді түсіп жатыр екен. Жылқыларын көріп, қуаныштарында шек жоқ. Барлығы маған ризашылықтарын білдіріп, батасын беріп жатыр. Осыншама жылы сөз естіп, мәз-мейрам болып мен тұрмын. Бәріміз болған жағдайды қызу талқылап жатырмыз.

Сөйтсе, жылқылар шахта қоршауынан шығып, далаға лап берген уақытта, күзетшінің жанында тұрған ауыл қарттарының да зәресі ұшып, автобусқа қарай лап береді. Ойлары: «Дрижд естіп, қазір келіп қалса, бәріміз құримыз. Көзіне түспей, қайтқанымыз жөн болар». Бәрі автобусқа осында келерден де тез жиналып, төте жолмен ауылға қарай тартып отырады.

Жылқымыз жанымызда, көңіліміз орнығып болған соң, автобустағы адамдарды түгендей бастадық. Сөйтсек, «қарнымен бір орысты болсын қағып түсірмекші» болған Ахмет ақсақал жоқ. Олай іздедік, былай қарадық. Жоқ. «Сонда қалай болғаны? Сол маңда қалып қойды ма?»- деп ойлап үлгерген жоқпыз, ауылға зуылдап «Волга» автомашинасы кірді. Бәріміздің ойымыз: «Дрижд келді. «Қуырдақтың көкесін түйе сойғанда көресің» демекші, барлық «қызық» енді басталады деп тұрғанымызда, әлгі «Волга» Ахмет ақсақалдың үйінің алдында тоқтай қалды. Бір кезде үй иесінің даусы да естілді: «Алтыншаш, 10сом әкел (ол кездері 10 сомның құны қазіргі 5 мың теңгедей). Таксимен әзер жеттім-ау!». Сөйтсек, ол жұрттан қалыс қалып қойған, өзіміздің Ахмет атай екен. Жанымыздың да, малымыздың да түгенделгеніне бәріміз риза болып, үйге қарай тарастық. «Бірлік бар жерде, тірлік бар» деген осыдан шықса керек.

Ауыл қарттарының ауызбіршілігіне, жастарының батылдығына, тапқырлығына дәлел болатын осы оқиға есімде мәңгі сақталып қалыпты. Ежелден халқымыз ақ батадан рухани қуат алады, ол жақсылыққа жол ашады деп сенеді. Сол түнде ерлік жасап, үлкендерден алған батам осы күнге дейін маған да күш беріп келеді деп ойлаймын. Ылайым жақсылық болғай»- деп қызықты әңгімесін аяқтады Жұмағали Сатымұлы.

Жұнтаев Елутай Жайбергенұлының естелігінен:

«Ол кездері мерекелер де көп болатын. Соның бірі – «Қысты шығарып салу» («Проводы зимы»). Бұл мереке Шахан орталығында өтетін. Өңірдегі әрбір шахта «Северный» аулының тұрғындарына ат жегілген шанаға тапсырыс береді. Әрбіреуінде шахтаның нөмірі жазылады. Бұл мереке балалар үшін қуанышты болатын, өйткені бұл шаналар балаларға серуендеуге арналатын.

«Степная» шахтасындағы 1-баракта - бастауыш мектеп, 2-баракта – спортзал орналасқан. Мен және менің достарым – Ибкеев Зейнолла, Тышқанов Қанат бокс секциясына қатысқанбыз. Осы спорт түрінің негіздеріне үйреткен шебер – М. Мәлібеков болатын. 1972 жылы абайсызда өрт болып, мектеп ғимараты жанып кетті. Осы жағдайдан кейін «Северныйдың» балаларын Шахандағы №11 кешкі мектепке және №2,12,14-ші мектептерге бөліп тастады».

Ауыл тұрғындары барлық керек-жарақты Шаханнан алып келетін болғандықтан, 1950 жылдардың бас кезінде монша, 1973ж. дүкен, 1975ж. медициналық пункт жабылып қалыпты. Дүкен жабылып қалғасын ауылға аптасына екі рет автолавка келіп отырады. Дүкенші Қарлығаш Тұрсынова болатын. 1975 жылдары өзен суы тұзды болып қалған соң, суды Шаханнан сутасығыш машинамен тасыған.

Осы ауылдық округтен депутат болып сайланған Саламатин

су өткізіп, жаңа көпір салды. Оның есімін халық аса үлкен ризашылықпен айтады. Ауылда Ленин орденінің иегерлері, құрметті шахтерлар тұрған. Олар:

1) Жүнтаев Жайберген

2) Құлымжанов Адалбек

3) Байтуғанов Қасым

 

«Бала – адамның бауыр еті»,- деп тегін айтылмаған ғой, түн ұйқысын төрт бөліп, балапандарын мәпелеп өсірген батыр аналар да ауылда баршылық болған. Алтын және күміс алқа иегерлері:

1.Тұрсынова Күлпараш – 12 бала

2. Селюбаева Жамиля – 13 бала

3. Серікбаева Зағипа – 10 бала

4. Шідербекова Бибіғайша – 10 бала

5. Жүнтаева Батима – 9 бала

6. Қожахметова Күлжамал – 9 бала

7. Мусина Үміткер – 9 бала

8. Мусенова Нұрғасима – 8 бала

9. Қарағозина Мәрпаш – 8 бала

10. Әбдікеева Күләш – 8 бала

11. Тышқанова Нұрәнсана – 7 бала

12. Абуева Сара – 7 бала

13. Әшімова Қазытай – 7 бала

14. Ибкеева Түлкішек – 7 бала

15. Алпыспаева Майда – 7 бала

«Северный» аулынан шыққан өнерлі азаматтар да баршылық. Соның бірі – Құлымжанов Қанат Адалбекұлы. Жастайынан әнші болуды армандаған ол орта мектепті бітірген соң, Алматы консерваториясына оқуға түседі. 1970 жылы гастрольдік сапармен шет елдерге – Индия, Германия, Сирия, Ливанға барған. Ол есімі бүкіл елге танымал Роза Бағланова, Бақыт Әшімова, Бибігүл Төлегенова, Ескендір Хасанғалиев, Ермек Серкебаев, Қайрат Байбосыновтармен бір сахнада ән салған. Бірнеше жыл қатарынан Абай атындағы академиялық мемлекеттік опера және балет театрында опера әншісі болған. Қазіргі уақытта Қанат Құлымжанов – Құрманғазы атындағы қазақ ұлттық консерваториясының халық әндері кафедрасының аға оқытушысы.

Сапар Көшкенұлы Ибкеев: «Қазіргі уақыттағы өмір қарбаласына, жастардың қызығушылықтары мен бос уақытын өткізу жолдарына қарап отырып, мен сол кездегі ауыл жастарының өміріне көз жүгіртемін. «Ел іші – өмір кеніші» демекші, біздің ауылда да түрлі майталмандар баршылық болатын. Егер оны түрлі салаларға жіктеп, қазіргі заманға сай номинациялар беретін болсақ, ол мынадай болар еді:

  • «Тәлімгер-ұстаз»- Аушайманова Любовь Бұғыбайқызы;

  • «Үздік футболист» - Оспанәлімов Еркетай Әдыхамұлы;

  • «Северныйдың «бұлбұлдары» - Шертішева Қазина Мұхамеджанқызы және Құлымжанова Аққоян Адалбекқызы;

  • «Үздік шахматист» - Оспанов Қанат Мәденұлы.

 

Әмина Мәденқызы Оспанова еске алады: «Ата-әкелерінің жолын қуып, өзінің еңбек жолын шахтамен байланыстырған азаматтар «Северныйда» көп болды. Олар: Көшкімбаев Жұмағали – кейіннен 39 жасында зейнеткерлікке шыққан ең жас зейнеткер (Еңбек шартының талаптарына сәйкес еңбек өтілі 20 жылға толса, 170 рубль зейнетақы) болды, бұдан басқа Көшкімбаев Ситан – құрметті шахтер, участок бастығы; Қожахметов Сатан, ағайынды Сарбасовтар, Тұрсыновтар, Бүйеновтар, Смагиндар, Тривайловтар, Қарағозиндар, Оспанәлиевтер, Түпбаевтар, Мизамадиловтар, Ибкеев Көшкін, Әбдікеев Оразбай, Нұрмұратов Мекеш, Құлымжанов Болат, Абуев Сағын, Мусеновтар, Мусиндер, ағайынды Тышқановтар, қарындастары Тышқанова Марал (телефонистка), Әбішева Зоя (телефонистка), Тұрсынов Амантай, Шакуров Зейнулла, Сардаров Серік және т.б.

Сонымен қатар ауылда Тұрсынов Қарабек, Серікбаев Мерден, Зачиняев Анатолий, ағайынды Мизамадиловтар, Мусенов Мұқаш, Шертішев Ахмет, Шыңғыспаев Рымбек сынды Шахан автобазасында жұмыс істеген құрметті жүргізушілер де еңбек етті.

Ауылдағы көршілерімізге келер болсақ, ол ерекше әңгіме. Біздің үйіміздің артында еңбекқор Оспанәлиев Шәкарбай, одан кейін ауылдағы қарттардың ішінде ең көп, 100 жылдан астам, жасаған, үлкен отбасы бар Алпысбаев Ібікей тұратын. Ібікей атай сұңғақ бойлы, сымбатты, әдемі ақ бұйра сақалды болатын. Бір жылы күзде, Ібікей атайдың жасы 85-90-дар шамасында болатын, әкеме келіп: «Биылғы жыл аптап ыстық, жаңбыр жоқ, келер жылы шөптің жағдайы не болады?»- деп ақылдасуға келіпті. Сол кездері оның балаларының жасы – 70-тен асқан, Алпысбаев Мұқан, Ибкеев Көшербай, Ибкеев Шәкіш. Осы жағдай Ібікей атайдың алды-артын ойлап, жоспарлап отыратын, шаруаға тиянақты адам болғадығының дәлелі. Соңғы күндеріне дейін үй шаруасына кірісіп, балаларынан қалыспай белсенді еңбек ететін.

«Северныйға» ең жақын шахта - №14 «Степная» шахтасы (жаяу жүргенде 10 мин.) болды. 1961 жылы күзде осы шахта ғимаратынан мектепке орын бөледі. Любовь Борисовна – ең алғашқы ұстаз және «темір тұлпарды» бағындырған ең алғашқы әйел адам.

Ауылдағы алғашқы дүкенші – Хамит Тұрсынәлиев болатын.

Есімде сақталған тағы бір жағдай ауыл адамдарының ұйымшылдығымен байланысты. Ол кездері бірнеше адам бірігіп, шөп шабатын. Жаздың аяғында, пішен жиналып болған соң, күннің аптап ыстығынан ба, әлде басқа бір себептерге байланысты бірнеше отбасының жинаған шөптері жанып кетіп жүрді. Ал ауыл азаматтары мен ақсақалдары бір ауыз сөзге келмей, осындай оқиғаға ұшыраған үйге бірден жиналып, бірігіп шөп үйіп беруге көмектесетін».

Әшірбекова Жібек Қалапбергенқызы әңгімелейді: «Менің санамда ерекше із қалдырған оқиға «Көкпар» ұлттық ойынымен байланысты. Ауылда әрбір үйде бірнеше жылқы ұстағандықтан, ауыл ақсақалдары атаулы мерекелерде ұлттық ойындарды жиі ұйымдастырған. Бір жылы «Көкпар» ойыны ұйымдастырылды. Көкпар - ұлттық ат спорты ойындарының бірі. Ойынның атауы “көк бөрте” (лақ) сөзінен шыққан. Дәстүрлі қазақ қоғамында Көкпарға 1 жасқа толған серкенің семізі таңдалған. Семіз серке терісі жыртылмайды. Орташа салмағы 70 – 80 кг-дай келеді. Басқа малдың терісі жыртылғыш болғандықтан Көкпарға тартпайды.  Тартылатын серкені бір жігіт өңгеріп алып, алдын ала сарапшылар белгілеген бір жарым шақырымдай жерге апарып тастайды. Біздің ауылда ондай жер «Северный» шахтасының маңайы болатын. Тартысқа шыққан жігіттер серкеге барғаннан кейін таласа-тармаса тұрып, жерден іліп алу амалын жасайды. Қайсысы бұрын іліп алса, тақымына басып, қарсыласына ырық бермеуге тырысады. Серкені іліп алған жігіт, оны ала қашып, ерекше бір жақсылығы бар, сыйлы үйге апарып тастайды. Салт бойынша ол үй жаңа көкпар береді. Міне, сол жолы Бөлекбай атай серкені жұлып алып, ешкімге дес бермей, алдыңғы қатардан көрінеді. Ауылдың кәрі-жасы, ақсақалдары мен ақ жаулықты әжелері, балалары – барлығы бір адамдай жиналып осы ойынды қызықтап тұрған болатынбыз. Бір уақытта тақымында серкесі бар Бөлекбай атай біздің үй жаққа қарай беттеді. Жаңағы көкпарға тартылған серкені үйдің ауласына, әкемнің дәл аяқ астына тастай салды. Жиналған жұрт шуылдасып, Бөлекбай атайдың жасаған таңдауын қолпаштап, ризашылық білдірді. Менің әкемнің қаншалықты сыйлы, абыройлы адам болғандығына осы жағдай көзімді жеткізгендей болды».

Ауыл маңындағы шахталардың жұмысы неғұрлым белсенді болған сайын, үйлерге және тұрғындарға қауіп төне бастайды. Сондықтан ауыл тұрғындарына Шахан кентінен үйлер береді. Сол себептен бірте-бірте барлық адамдар жан-жаққа қоныс аудара бастайды.

Қазіргі уақытта «Северный» аулында 4 отбасы ғана тұрып жатыр:

1. Ибкеев Жаролла Көшербайұлы

2. Тұрсынов Амангелді Қарабекұлы

3. Мизамадилов Амантай Айтанұлы

4. Әбдікеева Күләш, қызы Динамен.

Біз әлемнің қай шетінде жүрмесек те, туған ел топырағы, ауасы, жусан исі, суы бізді әрқашан да өзіне тартып тұрмақ... Туған жерімізді жадымызда сақтап, тағзым етуді ұмытпайық, ағайын!